A- A A+
«Көкшетау қаласының экономика және қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бейнеүндеуi

Құрметтi отандастар!

Баршаңызға мәлiм, Мен биыл халыққа Жолдауымда саяси жаңғыру туралы ауқымды бағдарлама ұсындым. Бұл құжат қоғамда жан-жақты талқыланды. Сарапшылар қауымы және белсендi азаматтар осыған қатысты өз пiкiрiн бiлдiрдi. Қалың көпшiлiк қолдау көрсеттi.

Жолдауда айтылған бастамалардың негiзгi мақсаты — саяси жүйемiздi түбiрiмен өзгерту. Бұл халықтың көп жылғы талап-тiлегiнен туындап отыр. Азаматтарымыз мемлекеттi басқару iсiне қатысуға кең мүмкiндiк берiлгенiн қалайды. Сондай-ақ саяси үдерiстi түбегейлi демократияландыру қажет деп санайды. Мұны тиiмдi жүзеге асыру үшiн Ата заңымызға өзгерiстер енгiзу қажет.

Бiр сөзбен айтқанда, конституциялық реформа жасау керек. Осыған орай менiң тапсырмаммен арнаулы жұмыс тобы құрылды. Оған белгiлi құқықтанушы ғалымдар, тәжiрибелi сарапшылар және құзырлы органдардың өкiлдерi кiрдi.

Жұмыс тобы Негiзгi заңға енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтырулардың жобасын әзiрледi. Оны мұқият зерделеп, Конституциялық кеңеске жолдадық. Бұл орган өз қорытындысын ұсынды. Құжат жобасы Ата заң нормаларына сай келедi. Бiз конституциялық реформаның шешушi кезеңiне қадам бастық. Ендi Негiзгi заңды өзгертуiмiз керек. Шын мәнiнде, мұның ел тағдыры үшiн айрықша мәнi бар.

Ата заң баптарының үштен бiрi өзгередi. Ашығын айтсақ, Конституциямыз мүлде жаңа сипатқа ие болады. Сол себептi, мен республикалық референдум өткiзу туралы бастама көтердiм. Өйткенi, мұндай ауқымды өзгерiс бүкiл халықтың шешiмiмен жүзеге асырылуға тиiс.

Барлық дамыған елде плебисцит тiкелей халық билiгiнiң айқын көрiнiсi саналады. Бiрақ Қазақстанда демократияның бұл тиiмдi институтының әлеуетi толыққанды пайдаланылмай отыр.

27 жыл бұрын өткiзiлген референдумда қазiргi Ата заң қабылданды. Одан кейiнгi барлық конституциялық реформа Парламентте мақұлданды. Негiзiнде, бұл заңды қалыптасқан тәжiрибе. Бiрақ дамудың жаңа кезеңiнде, Жаңа Қазақстанды құру жолында елiмiз үшiн осындай аса маңызды шешiмдердi бүкiл халық болып қабылдауымыз керек. Бұған кәмiл сенемiн. Сондықтан бүгiн мен Конституцияға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу үшiн 5 маусымда республикалық референдум өткiзу туралы Жарлыққа қол қойдым.

Конституциялық түзетулер жобасы бойынша азаматтардың жаппай дауыс беруi бiздiң демократиялық қағидаттарды берiк ұстанатынымызды бiлдiредi.

Алдағы референдум Қазақстанның болашағын айқындайды. Әрбiр азаматымыз дауыс берiп, осы тарихи бетбұрысты жасауға өз үлесiн қоса алады.

Конституциялық реформа барлық мемлекеттiк модельдi кешендi түрде өзгертуге бағытталған. Түзетулер «суперпрезиденттiк» басқару үлгiсiнен ықпалды Парламентi және есеп беретiн Үкiметi бар президенттiк республикаға түбегейлi көшудi көздейдi.

Конституциялық реформа билiктiң өкiлдi тармағын айтарлықтай күшейтедi. Үйлесiмдi және теңгерiмдi жүйенi нығайтады. Мәслихаттардың ықпалын арттырады.

Мәжiлiс пен облыстық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың аралас мажоритарлы-пропорционалды моделi енгiзiледi. Бұл қадам сайлаушылардың көзқарастары мен пiкiрлерiн барынша толық қамтуға мүмкiндiк бередi.

Аудандық және қалалық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың мажоритарлық жүйесiнiң толықтай енгiзiлуi өңiрлердiң тыныс-тiршiлiгiне азаматтардың ықпал ету мүмкiндiгiн арттыруға жол ашады.

Конституцияның жаңарған нұсқасында Президенттiң барлық саяси күштер мен партиялардан дербестiгiн бекiту көзделген. Мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси лауазым иеленуге және квазимемлекеттiк секторда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынады. Сондай-ақ құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерiстер енгiзiледi. Атап айтсақ, Конституциялық сот құрылады. Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдiң, яғни омбудсменнiң мәртебесi Ата заңмен айқындалады. Елiмiзде өлiм жазасы мүлде жойылады. Мұның бәрi азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшiн жасалып жатыр. Алдағы конституциялық реформа ел дамуының жаңа кезеңi басталғанын көрсетедi.

Құрметтi отандастар!

Бiз бәрiмiз бiр ел болып Жаңа Қазақстанды, Әдiлеттi Қазақстанды құрамыз. Әрбiр азаматтың құқығы қорғалатын мемлекет боламыз. Бәрiне бiрдей мүмкiндiк беремiз. Әркiм қарым-қабiлетiне сай қоғамнан өз орнын иеленедi. Халықтың ой-санасы жаңғырып, өмiр салты өзгередi. Бiз мемлекеттiк жүйенi жетiлдiрiп, қоғам мен билiктiң тиiмдi диалогын орнатамыз. Осылайша, Екiншi Республиканы қалыптастырамыз. Конституциялық реформа мұның бәрiн табысты жүзеге асыру үшiн қажет.

Қазiргi реформаның ерекшелiгi — Президенттiң өкiлеттiгiн күшейту емес, мемлекетiмiздi жетiлдiру, жаңғырту және нығайту. Мен баршаңызды елдiң ертеңi, ұрпақтың келешегi үшiн референдумға қатысуға шақырамын!

Ұлт мүддесiне сай бастамаларды қолдайсыздар деп сенемiн!

Елiмiздiң жарқын болашағы — өз қолымызда!

Күшiмiз — бiрлiкте!

Бiрге болайық!

Береке-бiрлiгiмiздi нығайтайық!

Мақаланың шыққан күні: 23.05.2022
Қаралым саны: 1416

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

@2024 «Көкшетау қаласының экономика және қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесі
Яндекс.Метрика
Сопровождение сайта: «Компания ИНТЕГРО»